25 қазан – Республика күні қарсаңында Астанада №6 балалар кітапханасының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сығанақ көшесі, 14 мекенжайында орналасқан балалар кітапханасының ашылуына Астана қаласы мәслихатының депутаттары Ғабит Тәжімұратов пен Ерлан Дәкенов, Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова, Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов, сондай-ақ мәдениет саласының өкілдері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.Ашылу барысында келушілер кітапхана залдарына экскурсия жасап, кітап қорымен танысты.Келушілер кітапханамен танысқан соң Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова алғашқы оқырман ретінде кітапханаға жазылып, үйден оқуға бірнеше кітапты жаздырып алды.
Нұра ауданы әкімі орынбасарының бұл ұсынысын көпшілік те құп көрді. Астана қаласы мәслихатының депутаттары Ғабит Тәжімұратов пен Ерлан Дәкенов те осындай кітапханалар елордаға әлі де керек екенін айтып, жаңа кітапхананың жұмысына сәттілік тіледі. Осы орайда Ерлан Дәкенов өзінің жеке шығармашылығынан балаларға арналған бірнеше өлеңін оқып берді. Айта кетейік, қаланың кітапхана желісі 22 кітапханадан тұрады, олардың арасында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана да бар. Қалалық желінің кітап қоры 800 мыңға жуық дананы құрайды. Мәселен, қазіргі уақытта кітапхана қорына берілген кітаптар саны өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты, бұл оқырмандардың өсуіне де айтарлықтай әсер етті.