Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов пен мәслихат депутаты Бауыржан Қасымбергебаев №8 көпшілік кітапханасын салтанатты түрде ашты, деп хабарлады kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты жаңа кітапхана Ш.Қосшығұлұлы көшесі, 8/2 мекенжайында орналасқан.Кітапхананың салтанатты ашылуына мәдениет саласының өкілдері мен кітапхана қызметкерлері де қатысты. Нысанның ашылу барысында келушілер кітапхана залдарына экскурсия жасап, кітап қорымен танысты.№8 көпшілік кітапханасының кітап қоры көркемөнер әдебиеті, энциклопедия және салалық әдебиеттен – барлығы 5 мыңнан астам кітаптан құралған. Кітапхана 18 жастан жоғары оқырмандарды қамтиды.Шара аясында Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрылғанына 50 жылдық мерейтойы және Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына байланысты мекеменің жас маман кітапханашылары арасында өткен «Мен таңдаған мамандық – кітапханашы» атты байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов пен мәслихат депутаты Бауыржан Касымбергебаев жеңімпаздар мен қатысушыларға жүлделерін табыстады.Шығармашылық байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды кітапханалық процестерді автоматтандыру қызметінің маманы Архат Абылғазин, екінші орынды №7 кітапхананың аға кітапханашысы Гаухар Жұмқазиева, ал бірінші орынды көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған арнайы кітапхана меңгерушісі Абдусамат Қуантай иеленді. Гран-при мен Дубайға жолдаманы №1 балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлкен Ахметова жеңіп алды.Өзге де байқауға қатысушыларға сертификаттар мен ынталандыру сыйлықтары берілді.Айта кетейік, қаланың кітапхана желісі 22 кітапханадан тұрады, олардың арасында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана да бар. Қалалық желінің кітап қоры 800 мыңға жуық дананы құрайды. Мәселен, қазіргі уақытта кітапхана қорына берілген кітаптар саны өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты, бұл оқырмандардың өсуіне де айтарлықтай әсер етті.