Шымкент қаласында биыл жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл бағытта ірі жолайрықтардан бөлек, жол жамылғысы тозған, магистралды және ішкі көшелерді жөндеуге басымдылық берілген.
Атап айтар болсақ, 2023 жылы үшінші мегаполисте 245 орталық магистраль және ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда соның 241 көшесінде жөндеу жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, орталықта жол жамылғысы тозған магистралды 31,1 шақырымды құрайтын 15 көше орташа жөндеуден өтетін болса, оның бірқатарында құрылыс аяқталды. Олар – Уәлиханов, Гагарин, Дулати, Қонаев, Тәуке хан, Қазыбек би, Желтоқсан, Назарбеков, Аймауытов, Қабанбай батыр, Анаров, Жансүгіров, Абай, Алпысбаев, Орынбаев көшелері.
Құрылысы қызу жүріп жатқан нысанның бірі – қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында салынып жатқан 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы. Жыл соңына дейін теміржол өткелінен Дамбовая көшесіне дейінгі аралықтағы Қонаев даңғылының жалғасы аяқталады деп жоспарланған.
Сондай-ақ, Қызылсай шағынауданындағы теміржол өткелі арқылы кірме жолдың құрылысы 65%-ға орындалды. Жол 2024 жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Теміржол асты өткелі тұрғындарды сапалы жолмен қамтамасыз етіп, қалаға тиімді қатынауына және қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік береді. Төте жолдың қоғамдық көліктердің қатынауында да тиімділігі бар.
Айта кетейік, бүгінде қала аумағында жерасты жолдарының қолданысы дұрыс жолға қойылған. Нәтижесінде азаматтардың қауіпсіздігі мен көлік кептелісінің қозғалысы біршама ретке келтірілді. Сала мамандары осы бағытта келесі жылы жоспарлы жұмыстардың көптеп қолға алынатынын айтып отыр. Күн санап көркейіп келе жатқан Шымкент қаласы, мегаполис атауына лайықты реңге енуде.
16-12-2023, 15:32
Шымкентте биыл 241 көше орташа жөндеуден өткен
Фото: pixabay.com
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз