Екібастұз полицейлері қос азаматтықпен жүрген әйелді анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Екібастұз қаласы ПБ көші-қон қызметі қос азаматтығы бар адамдарды анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Полиция бұл үшін Қазақстан Республикасының азаматына басқа елдің азаматтығын қабылдау кезінде 30 күн мерзімде ішкі істер органдарына немесе шет мемлекеттің аумағындағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне хабарлау арқылы, Қазақстан азаматтығынан айырылғанын мәлімдеу, сондай-ақ ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыру қажет екенін еске салады. Бірақ, өкінішке орай, барлық азаматтар “Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының талаптарын орындамайды.
Мысалы, көші-қон қызметінің қызметкерлері қос азаматтығы бар фактіні анықтады. 2019 жылғы желтоқсанда 32 жастағы әйел Ресей Федерациясының азаматтығын алды, алайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісі туралы хабарламады. Қазақстан азаматының паспорты мен жеке куәлігін тапсырған жоқ.
– Екібастұз қаласының полиция қызметкерлерімен ресейлік әйел ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды және соттың қаулысы бойынша 10 тәулік ішінде Қазақстан аумағының шекарасынан шығуы тиіс, – деп атап өтті Екібастұз қаласы ПБ бастығы Қайыржан Шакарғалиев.
Құқық бұзушыларда қос азаматтықтық алудың бірнеше себептері бар: мемлекеттік шекарадан кедергісіз өту, материалдық артықшылықтар алу, атап айтқанда, зейнетақы есебі, мұра, балалар туылған кездегі жәрдемақы, жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдікті алу жағдайлары. Жыл басынан бері Екібастұз қаласында көші-қон қызметінің қызметкерлері қос азаматтығы бар азаматтардың 3 тұрғылықты жерін анықтады. Барлығы елден шығарылды.