ҚР Үкіметінің қаулысымен 2048 жылға дейінгі кезеңге Алматы облысында ауданы – 30 мың га «G4 City» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды.
Экономикалық аймақ Алматы қаласының солтүстігінде, ұзындығы – 80 шақырым А3 тас жолының (Алматы – Қонаев) бойында орналасқан, оның аумағында арнайы құқықтық режим белгіленеді. Жаңа экономикалық аймақ G4 City интеграцияланған қаласын құруға отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы климат ұсынады деп күтілуде, бұл өз кезегінде бүкіл аймақтың дамуына жаңа серпін береді.
Мәселен, 2048 жылға дейін АЭА шеңберінде шамамен 3,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту, құны 17 трлн теңгеден астам қызметтер мен тауарлар өндіру, сондай-ақ 60 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жалпы жаңа экономикалық аймақтың қызметі G4 City-де туризм, медицина, көлік-логистика, білім беру және мәдени-демалыс салалары инфрақұрылымының жедел дамуына септігін тигізеді деп күтілуде. Сонымен қатар АЭА режимі нысандарды салуға кететін негізгі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, G4 City даму тұжырымдамасына сәйкес интеграцияланған қала төрт ауданнан тұратын болады: Gate City – іскерлік және қаржылық орталық, Golden District – білім беру және медициналық хабы, Growing District – инновациялық-индустриялық және сауда-логистикалық аймақ, Green District – туристік кластер. G4 City-де шамамен 2,2 млн адам тұрады деп болжануда.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.