Көп күттіріп, қайта жаңғырған мерекенің мерейі үстем болды бүгін. Шымкенттің қай бұрышына бара қалсаңыз да Республика күніне арналған мерекелік көңіл күй аңқып тұр. “Арбат” демалыс орталығында сондай іс-шараның бір парасы жалғасын тапты.
Мұнда Шымкент қалалық Мәдениет басқармасына қарасты музей, кітапхана, театр, жалпы өнер ұжымдары ерекше кеш ұйымдастырды. Бірі тақырыптық көрмеге қатысып, көрнекіліктерін қалың көпшілікке таныстырса, енді бірі спорттық сайыста жарысып бақтарын сынап жатты. Шат-шадыман жұртшылыққа өнерлерін паш еткен күміс көмей əншілер Шырайлы Шым қаланың аспанын əнмен көмкерді.
Жай күндері мұражайға ат басын бұрып, өткен тарихқа тағлым жасай бермейтін жастар үшін бұл шараның маңызы зор болды. Көшпелі музей қазақ тарихының өткенін екшеп, егемендігін үстем ететін түрлі құнды құжат, жəдігерлерін осында əкеп ұсынды. Арбат алаңына көптеп жиылған студент жастар жылжымалы керуеннің құнды дүниелерін ерекше ықыласпен қарап жатты. Сондай-ақ, Түркістан сарайының өнер майталмандары концерттік бағдарламасын жаңа леппен қалың қауымға паш етті. Мұның барлығы қала əкімдігінің мерекеге ерекше дайындықпен келгенін көрсетті.
''Республика күні биыл ұлттық мереке мәртебесін алып, ерекше аталып отыр. Бүгін Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің мамандары құнды құжаттар мен деректерімізді көрмеге әкеліп отырмыз.Оның ішінде музейдің бастамасымен жарыққа шыққан «Ақ жол»,«Шолпан» еңбектері бар. Ұлттық мерекенің ұлықталып, халықтық тойға айналғаны қуантады. Барша шымкенттіктерді мерекемен құттықтаймын'', - деп сөзін түйіндеген бұқара халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің маманы Забира Мұратбекова жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
Бір қызығы бұл күні біраз ұлттық ойындардың тамырына қан жүгірді. Білекті азаматтар қол күресіп, мықтылары қошқар көтеруден кіл мықтыны анықтаса, жасөспірімдер жағы асық ойнап мəз мейрам болысты. Елімізге қонақжайлылығы, дəмді тағамдарымен танымал Шым қала- мерекеге орай жергілікті тұрғындарын да түрлі ас мəзірлері мен тəттілерін ұсынып қуантты. Осылайша үшінші мегаполис мереке мерейін тағы бір мəрте асырды. Шымкент қалалық мəдениет басқармасына бүгінде 20-жуық өнер мекемесі қарайды. Олар əрбір іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне əрдайым атсалыспақ ниетте.