"Менің елім! Менің жерім!" Əнұрандатқан əрбір қазақстандық азаматтың арда тұтатын мерекесі - Республика күні қайта тойлануда. Бүгін Шымкенттегі Көрме орталығына жиылған жұртшылық жаңғырған мерейлі күнді жан жүрегімен осылай қарсы алды.
25-қазан Республика күніне орай қала əкімінің қатысуымен өткен концерттік кеште ине жаншар орын болмады. Бəрі ел үшін, елдің ертеңі үшін қам жеген азаматтар легінен құралған жандар.
Көк туымыз желбіреп, патриоттық рухты ояндыратын əуезді əн ойнаған кеште арнайы бейнеролик арқылы елдің өткені мен келешегі сараланып, Ұлы дала халқының дархандығы мен дара көңілі көрсетілді. “Сазген сазы” фолькорлық-этнографиялық ансамблі “Бақтыбайдың күйімен” қазақтың сыры мен сазын әуелетіп жеткізді. Содан соң Шымкент қаласының əкімі Мұрат Əйтенов барша жиылған қауым мен қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Сын сағаттарда сүрінбей, еңсесін тік ұстай білген еліміздің жеңісті сәттерінен сөз бастаған шаһар басшысы Ұлттық мереке – Республика күніне Шымкент қаласының да зор жетістіктермен жеткенін қысқа-нұсқа баяндап берді.
"Қаланың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізді. Үшінші мегаполиске соңғы 5 жылда 1,8 триллион теңге, ал биылғы жылдың 9 айында 327,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 530 миллиардқа жеткізуді жоспарлаудамыз, ол үшін нақты қадамдар жасалған", - деді М.Әйтенов.
Үшінші мегаполисте өткен ауқымды шарада шаһардың дамуына елеулі үлес қосқан 30 азамат «Еңбек ері», «lll дəрежелі Барыс», «Парасат» ордені, «Қазақстанның құрметті азаматы» сынды түрлі дәрежедегі атақтармен наградталды, алғыс хаттар да табысталды. Олардың қатарында қарапайым аула сыпырушыдан бастап, өрт сөндіруші, əлеуметтік сала үздіктері, кəсіпкерлікке қан жүгірткен жандар, жазушы, журналистер сынды қарапайым халықпен тығыз жұмыс істейтін еңбек азаматтары бар. Кеш соңы Ж.Жексенұлы, Б.Исаев сынды танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.
Естеріңізге сала кетейік, араға 13 жыл салып айтулы бұл күн - 25-қазан Республика күнін биыл, Президент Қасым Жомарт Тоқаев мерекелік даталар қатарына қайта қосқан болатын.