Орал қаласында «Ұлы дала мұрасы» тақырыбындағы Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының мектеп музейлері жетекшілеріне арналған вебинар өткізілді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Батыс Қазақстан облысы Білім басқармасының Білім беруді дамыту орталығы және Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Қазақстан музейлерін дамыту жөніндегі үйлестіру-әдістемелік орталығының біліктілікті арттыру және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген аталмыш жиын Білім басқармасының жұмыс жоспарына сай оздырылды. «Ұлы дала мұрасы» тақырыбындағы Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының мектеп музейлері жетекшілеріне арналған вебинар – семинары онлайн ZOOM платформасында өткізілді.
Жергілікті білім беру орталықтарында музей ісін дамыту арқылы тарихи –мәдени мұраны сақтау және музей қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу аталмыш вебинардың басты мақсаты болып табылады.
Игі мақсатта ұйымдастырылған шарада Батыс Қазақстан облысының әкімдігі білім басқармасының балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының «өлкетану және аймақаралық ынтымақтастық» бөлімінің меңгерушісі Р.Альмуханова «Музей – өңірдегі білім беру, тарихи – мәдени тәрбие берудің маңызды ресурсы» тақырыбында сөз сөйледі. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы музейлерінің қызметі туралы баяндап, тілге тиек еттті. Нұр–Сұлтан қаласы әкімдігінің «Балалар мен жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығының» өлкетану бөлімінің меңгерушісі Б.Исабаева өз кезегінде «Өлкетану және музей қызметі жағдайында елорда оқушыларына патриоттық тәрбие беру» тақырыбында замануи іс-тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар Нұр – Сұлтан қаласы, Әлкей Марғұлан атындағы № 40 мектептің мемориалдық музейінің меңгерушісі С.Байдрахманова «Музей ісі – ұлттық тарихты оқыту мен насихаттаудың маңызды бөлігі» тақырыбында өз жұмысымен таныстырып, экспедиция жұмыстарының қорытындысын жиналған қауымға паш етті. Келесі кезекте Көкшетау қаласы Сәкен Жүнісов атындығы №18 ЖББОМ-нің музей меңгерушісі С. Бралина мектеп музейіне тікелей эфирде экскурсия жасап, таныстырды және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жағдайындағы мектеп музейі жұмысының заманауи әдістері туралы сөз етті. Келесі сөз кезегін алған Батыс Қазақстан облысы «Атамекен» балалар –жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, тарих ғылымдарының магистрі, Ресей өлкетанушылар Одағының мүшесі А.Құрымбаев «Ұлы дала мұрасын танып білу өлкетанудан басталады» тақырыбында баяндама ұсынып, тарихи деректерімен бөлісті.
Вебинарға Орал қаласы және облыстық мектеп музей жетекшілерінен жиналған жалпы саны 165 қатысушы белсене қатысты. Музей жетекшілері өзара іс–тәжірибелерімен алмасып, пікірлерін ортаға салды. Вебинар музей жетекшілерінің патриоттық тәрбие берудегі жұмыстарын насихаттап, музей қызметіне бір серпіліс берді.
Сонымен қатар «Атамекен» балалар –жасөспірімдер туризмі және экология орталығында БҚО Білім басқармасының қолдауымен " Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры" жеке қорының ұйымдастыруымен "Батыс Қазақстан Сталинград майданының жақын тылы" атты облыстық оқушылар арасында ғылыми жобалар байқауы өткізілді. Байқау 3 секцияға бөлініп, 3 тақырып аясында оздырылды. 1 секция "Батыс Қазақстан облысының Сталинград майданына тартылуы" тақырыбында болса, 2 секцияда «Сталинград майданына қатысқан батысқазақстандықтар ерлігі», «Сталинград майданындағы ақтаңдақтар» сынды тақырыптар қозғалды. Ал 3 секцияда «Сталинград шайқасында жау қолына тұтқынға түскен, хабар-ошарсыз кеткен жерлестер туралы», "Боздақтар" кітабына енбеген боздақтар" тақырыбында ғылыми жобалар қорғалды. Аталмыш байқауда Ақтөбе облысынын арнайы келген "Әлия" патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы директоры Бағдаш Абдижамиқызы Тупенова, РФ Волгоград қаласындағы "Курган" іздеу тобының командирі Алексей Викторович Медведев және белгілі өлкетанушы Айболат Шамұратұлы Құрымбаев сынды майталман мамандар әділқазы болды.