25 тамыз күні Орал қаласының «Қоғамдық келісім» КММ-інде облыстың білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясының пленарлық мәжілісі өткізілді. Жыл сайын жаңа оқу жылы мен жаңа педагогикалық пікірлерді талдайтын шара тақырыбы «Білім мен ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» деп аталды. Шара барысында облыстың білім беру жүйесіндегі мәселелер талқыланып, байқаулар қорытындысы бойынша марапаттар өз иесін тапты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Кеңес жұмысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Нәжімеденұлы, облыс әкімінің орынбасары, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Назарбаев Зияткерлік мектептер дербес білім беру ұйымының, «Bilim Media Group» компаниясының өкілдері, білім саласының ардагерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, Батыс Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің, “Өрлеу” біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы” акционерлік қоғамының филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының басшылары, білім беру және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы, білім беру бөлімдерінің және оқу орындарының басшылары, мұғалімдер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алғашқы сөз кезегі облыс әкімі Ғали Есқалиевке берілді. Жиынды Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академия президенті Ғани Бектайұлы мен Зияткерлік мектептер дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымының орынбасары Светлана Бағытқызы жалғастырды. «Bilim Media Group» өнімдерді дамыту мен зерттеу бойынша директоры Әлібек Солдатбекұлы «Пандемия сабақтары. Білім берудегі цифрлық трансформацияның бүгіні мен ертеңі» тақырыбында сөз қозғады. Келесі кезекте «ЭКО TREND – болашаққа қадам» тақырыбында облыстық экологиялық-биологиялық орталығының директоры Фатима Гиниатуллақызы сөз сөйледі. Жарыссөзді Орал қаласы №42 «Ақ ниет» мектеп–гимназиясының орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, жас маман Дәулет Серғалиұлы қорытындылады.
Жиынның келесі бөлімінде дәстүрлі түрде жыл бойы қызмет етіп, үздік танылған педагогтарға мемлекеттік марапаттар мен Білім және ғылым министрлігінің марапаттары, облыстық конкурстардың жеңімпаздарына дипломдар мен сертификаттар табыс етілді. Жыл қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 12 ақпандағы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен Орал қаласының №35 мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Сухина Зинаида марапатталды. Ал «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты атанды. Жеңімпаз ұйымға 34,0 млн. теңге көлемінде диплом мен сертификат табыс етілді. Сонымен қатар жиын барысында республикалық «Үздік педагог» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Атап өтсек, мектепке дейінгі ұйымдар арасында «Үздік педагог» атағына ие болған Бөрлі ауданы Ақсай қаласының №3 «Гүлдер» бөбекжайының тәрбиешісі Үміт Кайырғалиқызы, орта білім беретін ұйымдар арасында «Үздік педагог» атағына ие болған Орал қаласының Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Сағидоллақызы, қосымша білім беру ұйымдар арасында «Үздік педагог» атағына ие болған облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының роботтық техника үйірмесінің жетекшісі Марс Мавлетұлы және техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар арасында «Үздік педагог» атағына ие болған Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Құралай Амангелдіқызы арнайы дипломмен және 875100 теңге құрайтын сертификатпен марапатталды.
Жиынның келесі бөлімінде қажырлы еңбектің арқасында нәтиже көрсетіп жүрген ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. Аталмыш төсбелгіге Казталовтық Серікқали Хадимұлы, Бөкей ордалық бастауыш сынып мұғалімі Эльвира Амантайқызы, математика пәні мұғалімі Серік Мендыбайұлы, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Санья Кувашқызы ие болды. Сонымен қатар жиында «Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi» төсбелгiсi Тасқалалық Венера Салахиддинқызына, Вадим Юрьевичке, Қаратөбелік Толқын Жәрдемқызына, Теректі ауданының мұғалімі Айкерім Казтуқызына табысталды.