Еліміздің білім беру саласы сыбайлас жемқорлыққа бейім салалардың бірі болып саналады. Осы орайда білім мекемелерінде «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» жобаларын іске асыру шаралары қолға алынды. Орал қаласында аталмыш «Саналы ұрпақ» жобасы аясында «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбында онлайн форматта облыстық слеті ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Шараға Батыс Қазақстан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Б.М.Хайруллин, облыстық білім басқармасының өкілдері, арнаулы орта оқу орындарының басшылары мен «Саналы ұрпақ» клубының белсенді мүшелері қатысты. Шара барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары, сыбайлас жемқорлық бойынша құқықбұзушылықтың жауапкершілігі және түрлері туралы баяндалып, әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді.
Слетке қатысушылар Агенттік бастамасымен жүзеге асырылған «Адалдық сағатының» маңыздылығын атап өтіп, осындай бейнероликтердің маңыздылығын атап өтті. Шара барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, соның ішінде білім беру саласындағы негізгі бағыттары талқыланды.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшылары жоғары білім саласындағы жемқорлықтың жоғары деңгейіне назар аудара отырып, аталмыш саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін елеулі шаралар қабылдау қажеттігін айқындап өтті.
Аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында білім мекемелерінде «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» жобалары іске қосылды. «Саналы ұрпақ» жобасының негізгі мақсаты – білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою, білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлықтан бас тарту ортасын қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар, аталған жоба білім беру ұйымдарында озық тәжірибені одан әрі пайдалану мақсатында негізгі бағыттарды апробациялауға және іске асыруға негізделген.