Маңғыстау облысында табиғатты қорғау және заңсыз аңшылық пен балық аулаудың алдын алу бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде осы жылдың 10 айында 712 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Есепті кезеңде 48 қылмыстық құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Сонымен қатар аң аулау қағидаларын бұзуға қатысты — 550, балық аулау талаптарын сақтамауға байланысты — 109 және абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 53 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Рейдтік іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан 31 бас киік, 2 бас бұғы, бір бас арқар, 6 қарақұйрықтың өлексесі, сондай-ақ 1409 келіден астам бекіре тұқымдас балық пен 18 келіден астам уылдырық тәркіленді. Полиция қызметкерлері табиғи ресурстарды қорғау және экологиялық құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.