Қарағанды облысында мал ұрлаған жұмысшылар ұсталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұқар жырау ауданында полицейлер 53 жастағы шаруа қожалығы иесінің жеті қойын ұрлау дерегін ашты. Мал иесі аудандық полиция бөліміне жүгініп, ұсақ малының жоғалғаны туралы арыз түсірген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктілерді анықтады. Олар Ақтас кентінің 26 және 27 жастағы екі тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, екеуі де бұған дейін жәбірленушінің шаруашылығында бейресми түрде жұмыс істеп, мал бағуға көмектескен. Күдіктілер ұсталған кезде ұрланған қойларды сойып, етін нарықтағы бағадан едәуір төмен құнмен сатып үлгерген. Алайда шаруа қожалығының иесі малын қалған бастары мен терілерінен таныған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.