Мемлекет кепілдік берген заң көмегі – азаматтардың білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз ететін маңызды тетік. Ол халықтың материалдық жағдайына қарамастан, заңда көзделген санаттағы азаматтарға тегін құқықтық қолдау алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Әділет департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Бейсен жан-жақты мәлімет берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңына сәйкес, мемлекет кепілдік берген заң көмегі құқықтық консультация беру, заңдық құжаттарды әзірлеу, сондай-ақ азаматтардың соттар мен мемлекеттік органдардағы мүдделерін қорғау және білдіру түрінде көрсетіледі.
«Заң көмегін адвокаттар мен заң консультанттары көрсетеді. Адвокаттар қылмыстық істер бойынша қорғауды жүзеге асырып, азаматтардың соттағы мүдделерін білдіреді. Ал заң консультанттары құқықтық консультациялар беріп, арыздар, шағымдар мен өзге де заңдық құжаттарды әзірлеуге көмектеседі. Құқықтық консультацияны азаматтар мамандарға тікелей жүгіну немесе «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйесі арқылы ала алады. Егер көмекті өтініш берілген күні көрсету мүмкін болмаса, ол заңнамада белгіленген мерзімде, тиісті жағдайларда үш жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуі тиіс. Заң көмегін көрсеткен мамандар ақы төлеуге арналған электрондық өтінішті бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы қалыптастырады. Әділет департаменті ұсынылған құжаттардың толықтығы мен дұрыстығын тексергеннен кейін, қолданыстағы қағидаларға сәйкес төлемді рәсімдейді», – дейді спикер.
Астана қаласында Әділет департаменті мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету бойынша 158 адвокатпен және 13 заң консультантымен келісім жасасқан.2026 жылдың 10 айында осы жүйе аясында 11 284 азаматқа құқықтық көмек көрсетілді. Көрсетілген қызметтер үшін бюджет қаражаты есебінен 247 млн 347 мың теңге бөлінді.
«Қазір заң көмегін көрсету және оған ақы төлеу процестерінің басым бөлігі «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Цифрлық платформа өтініштерді рәсімдеуді, құжаттарды жолдауды және көрсетілген қызметтерді есепке алуды жеңілдетеді. Астана қаласының Әділет департаменті мемлекет кепілдік берген заң көмегінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, мамандардың еңбегіне ақы төлеудің уақтылы жүргізілуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда», – дейді Астана қаласының Әділет департаменті басшысының орынбасары.