Қазіргі уақытта елорданың атқарушылық округіндегі жеке сот орындаушыларының орындауында алимент өндіруге қатысты 27 025 атқарушылық іс жүргізу бар. Барлық іс жүргізу бойынша сот актілерінің уақытылы және толық орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған тиісті шаралар атқарылуда. Атқарушылық іс жүргізу аясында мәжбүрлеп орындату шараларының кешені қолданылады. Оның ішінде борышкерлердің жалақысы мен өзге де кірістеріне өндіріп алу шаралары қарастырылған. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Әділет департаментінің басшысы Талғат Әбубәкір мәлім етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 68-бабына сәйкес, ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндетті және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін тең жауапкершілікке ие. Балалардың құқықтарын қорғау мақсатында Әділет департаменті ішкі істер органдарымен, прокуратурамен және басқа да мемлекеттік органдармен тұрақты негізде өзара байланыс орнатылған.
«Атқарушылық іс жүргізулерді талдау нәтижесінде 2,7 млрд теңге сомасындағы 3 161 іс проблемалық санатқа жатады. Олардың қатарында алиментті ішінара төлейтін борышкерлерге және алимент төлеуден толықтай жалтарып жүрген борышкерлерге қатысты өндірістер бар.
Мұндай жағдайлар кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қамтамасыз етілуіне кері әсер етеді. Осыған байланысты уәкілетті органдар борышкерлерді заңда көзделген жауапкершілікке тарту бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында борышкерлерді заңда көзделген жауапкершілікке тарту шаралары қолданылады.
Мәселен, 2025 жылы жеке сот орындаушылары 192 борышкерге қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына жолдады. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша, яғни балаларды асырауға арналған қаражатты төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін ұсынылды», – дейді Талғат Әбубәкір.
Оның айтуынша, бұдан бөлек сот актілерін орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы бойынша 143 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында жеке сот орындаушыларының ұсыныстары негізінде борышкерлерге қатысты 85 әкімшілік хаттама толтырылған. Оларды қарау нәтижесінде борышкерлерге әкімшілік айыппұл салу және әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қолданылған, ал бірқатар материалдар сот қарауында жатыр.
Жалпы хаттамалардың ішінде 15 хаттама алимент өндіру бойынша атқарушылық іс жүргізулерге қатысты. Атап айтқанда, 10 борышкерге әкімшілік айыппұл салынды, 4 борышкер әкімшілік қамауға алынды, ал 1 материал соттың қарауында.
Тұрақты табысы жоқ борышкерлермен жеке жұмыс қолға алынған. Уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оларды жұмыспен қамту бойынша шаралар іске асып келеді. Мәселен, 2025 жылы 171 борышкер жұмыспен қамтылған. Бұл алимент бойынша берешекті өтеуге және кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді.
Сонымен бірге алимент өндіру туралы атқарушылық құжаттарды орындау барысында негізгі проблемалардың бірі борышкерлердің тұрақты табысының болмауы, сондай-ақ нақты табыстарын жасыру жағдайлары болып отыр. Осыған байланысты Департамент әлеуметтік маңызы бар атқарушылық құжаттарды орындау бойынша сот орындаушыларының қызметіне тұрақты бақылау жүргізуде.
Атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыру мақсатында оңайлатылған іс жүргізу тетігі кеңінен қолданылуда. Бұл тәсіл атқарушылық құжаттарды автоматтандырылған тәртіпте орындауға мүмкіндік береді.
«Жыл басынан бері 8 115 атқарушылық құжат оңайлатылған тәртіппен орындалып, мемлекет пайдасына 1 833 075 086 теңге өндірілген. Аталған тәсіл қолдану нәтижесінде жеке сот орындаушысының сыйақысы өндірілмейтіндіктен, азаматтар шамамен 458 млн теңге қаражат үнемдеді.
ҚР Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізу жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған бірқатар цифрлық жобаларды іске асырып жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап «Тараптардың кабинеті» жаңа модулі пайдалануға енгізілді. Бұл сервис азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, мәжбүрлеп орындату институтына деген сенімді арттыру және уәкілетті орган тарапынан бақылауды күшейту мақсатында іске асты.
Пайдаланушылардың ыңғайлылығы үшін атқарушылық іс жүргізу кезеңдері таймлайн форматында ұсынылған. Аталған модуль арқылы азаматтар сот орындаушысының әрекеттері туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде ала алады, сондай-ақ қажет болған жағдайда электронды түрде өтініштер мен шағымдар жолдай алады», – дейді департамент басшысы.
2026 жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Департаменттің коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөліміне 466 құжат келіп түсті, оның ішінде 109 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Көрсетілген тіркеу қызметтері үшін мемлекеттік бюджетке 1 162 055 теңге қаражат түскен. Құжаттарға апостиль қою бағыты бойынша 3 542 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 10 028 796 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілді.
Сонымен қатар мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету бойынша жұмыстар жүргізілген. «E-заң көмегі» ақпараттық жүйесі арқылы 180 адвокатпен және 12 заң консультантымен келісім жасалып, 1 386 азаматқа заң көмегі көрсетілді. Жалпы ел бойынша нотариат саласында 884 нотариус, адвокатурада саласында 868 адвокат, ал заң консультанттарының жалпы саны 3 327 адамды құрайды. 2026 жылдың алғашқы екі айында мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында 2 708 азаматқа қолдау көрсетілген.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Әділет департаменті тұрақты түрде түсіндіру және кеңес беру шараларын өткізіп тұрады. Есепті кезеңде 8 құқықтық түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, оған 2 569 азамат қатысқан.
Нотариустардың, адвокаттардың, заң консультанттарының және жеке сот орындаушыларының қатысуымен «Ашық есік күні», «Халық заңгері», «Әділет кеңес береді» атты құқықтық акциялар өткен. Осы шаралар барысында азаматтарға өзекті құқықтық мәселелер бойынша тегін заң консультациялары мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.