Басқа облыстың тұрғыны интернеттен оңай табыс табу туралы хабарландыру арқылы заңсыз жұмысқа тартылған. Атқарған жұмысы үшін оған криптовалютамен ақы төленген. Күдікті "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ұсталды. Жеке тінту кезінде одан ұнтақ тәрізді зат салынған 350 түйіншек табылған. Сондай-ақ есірткі буып-түйілген жалдамалы пәтерден тағы 28 түйіншек пен екі ыдысқа салынған зат тәркіленді.
Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың α-PVP психотроптық заты екені анықталды. Оның жалпы салмағы 635 грамды құрады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция интернетте ұсынылатын оңай табыс көздерінің артында есірткіге қатысты заңсыз әрекеттер болуы мүмкін екенін ескертеді. Мұндай қызметке қатысқан азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.