Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында ана тілінің мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызын атап өтіп, қазақ тілін дамытуға қатысты айтылған ұсыныстар мен пікірлер алдағы жұмыста міндетті түрде ескерілетінін жеткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
«Баршаңызбен бірге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында бас қосып отырғанымызға ризамын.
Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып.
Қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз.
Ең алдымен, осы жерде сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салған азаматтарға алғысымды білдіремін. Салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Соның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеру қажет», - деді Тоқаев.