Павлодар қаласында полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында қозғалыс кезінде Geely автокөлігінің жолаушысы көлік салонынан тыс жерде болғаны түсірілген бейнежазбаны анықтады, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бейнежазбада ер адамның алдыңғы есіктің терезесінен сыртқа шығып, көлік қозғалыста болған сәтте ән орындап тұрғаны көрінеді. Мұндай әрекет жолаушының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. – Тексеру барысында полиция қызметкерлері жүргізуші мен жолаушының жеке басын анықтады. Жүргізушіге жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік материал толтырылды. Сондай-ақ Жол қозғалысы қағидаларын бұзған жолаушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Медхат Жылқыбаев. Полиция жол қозғалысына қатысушыларды Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, өз өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге шақырады.