Қарағандыда полицейлер қарт әйелді тонап кеткен күдіктіні "ізін суытпай" ұстады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға қала көшелерінің бірінде болған. Қаскөй мойнына алтын алқа таққан 63 жастағы әйелді байқап қалып, алдына шығып, әшекейді жұлып алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленуші дереу полицияға көмек сұрап жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Ол 39 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Жауап алу кезінде күдікті жасаған ісін мойындап, бұл қадамға ақшаның жетіспеушілігінен барғанын түсіндірді. Бөтеннің мүлкін иемденген ол ұрланған затты бірден ломбардқа өткізіп жіберген. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу кезеңінде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.