Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №18 мекемесінде сотталғанға тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеті дер кезінде анықталып, жолы кесілді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Мекеменің жедел және тәртіп бөлімдерінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілерімен бірлесіп, сотталған азаматтың атына келген сәлемдемені тексеру кезінде азық-түлік өнімдерінің арасына жасырылған тыйым салынған заттарды анықтады. Тексеру нәтижесінде: Android операциялық жүйесіндегі планшет, көлемі 32 ГБ жад картасы, қуаттау құрылғысы тәркіленді.
Аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандарға тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.