Елордада есірткі ресурстарын анықтау және бұғаттау үшін цифрлық технологияларды белсенді қолдану, сондай-ақ жастар арасында жүргізілетін профилактикалық жұмыстарды барынша нысаналы әрі қызықты ету көзделіп отыр. Бұл мәселелер Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханның төрағалығымен өткен нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық штаб отырысында талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Есірткі тарату әрекеттері барған сайын интернет кеңістігіне ауысып барады. Заңсыз заттарды сатушылар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, жабық чаттар мен арнайы боттарды пайдаланып, тыйым салынған заттарды ұсынып қана қоймай, жаңа адамдарды заңсыз бизнеске тартады. Осыған байланысты отырыста осындай контентті анықтауға арналған жасанды интеллект негізіндегі отандық ақпараттық жүйені таныстырылды.
Әзірлеушілер интернет кеңістігін өздігінен мониторинг жүргізіп, есірткі ресурстарын анықтайтын, олардың мазмұнын талдайтын және кейіннен бұғаттауға жолдау үшін тиісті материалдарды қалыптастыратын бағдарламаны таныстырды.
Дәстүрлі тәсілде қызметкерлер күмәнді парақшаларды қолмен іздеп, ақпаратты тексеруге жолдайтын болса, жаңа жүйе деректерді автоматты түрде жинап, құқық бұзушылық белгілерін анықтайды және құқықтық саралауды ұсынады. Ал мамандар ақпаратты тексеріп, ресурстарды бұғаттауға жолдау туралы түпкілікті шешім қабылдайды.
Әзірлеушілердің айтуынша, бағдарлама ашық жарияланымдарды ғана емес, түрлі қауымдастықтарды, боттарды және жабық интернет алаңдарын да талдай алады. Сонымен қатар жүйе аналитикалық мәліметтерді қалыптастырып, пайдаланушылардың белсенділігін, сұранысқа ие есірткі түрлерін, олардың таралу динамикасын және заңсыз нарықтың өзге де ерекшеліктерін көрсетеді.
Таныстырылым барысында Астана қаласы бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелері көрсетілді. Мәселен, бір тәулік ішінде жүйе есірткіге қатысты 79 контентті, бір аптада 421, ал бір айда екі мыңнан астам материалды анықтаған. Бұл – таныстырылым сәтінде әлі бұғатталмаған, анықталған материалдар.
Сонымен қатар нашақорлықтың алдын алуға бөлінетін қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқаны және қандай іс-шаралар ахуалға нақты әсер ете алатыны бөлек талқыланды.
Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы өкілінің айтуынша, ведомство өзге мемлекеттік органдардан есірткіге қарсы іс-шараларды формалды түрде өткізбей, нысаналы аудитория үшін мазмұнды, тартымды әрі тиімді етуге бағытталған нақты ұсыныстар күтеді.
Талқылау барысында мектеп оқушыларына, студенттерге және жастарға ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді. Себебі дәл осы санаттағы азаматтар есірткінің заңсыз айналымына тартылу қаупіне көбірек ұшырайды.
Полиция келтірген деректер мәселенің ауқымын көрсетеді. 2026 жылдың басынан бері елордада есірткінің заңсыз айналымына байланысты 884 құқық бұзушылық тіркелген. Тыйым салынған заттарды сатуға күдік келтірілген тұлғаларға қатысты 359 қылмыстық іс қозғалған. 10 жағдайда құқық бұзушылыққа кәмелетке толмағандар қатысқан.