Парижде 17–21 қазан аралығында өтіп жатқан SIAL Paris 2026 халықаралық азық-түлік көрмесінде Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы (МДҚӨҰҚ) өз құрамындағы кәсіпорындармен бірлесіп Қазақстанның ұлттық павильонын таныстырды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрмеде күнбағыс, соя, рапс, зығыр, мақта және мақсары майлары, сондай-ақ ақуызға бай мал азығы өнімдері – шрот пен күнжара ұсынылды. Майлы дақылдарды қайта өңдеу барысында алынатын жанама өнім – күнбағыс қауызы негізінде өндірілетін отын түйіршіктері еуропалық сатып алушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл өнім жаңартылатын отын ретінде пайдаланылады.
Еуропа елдері қазірдің өзінде қазақстандық май өнімдерін тұрақты сатып алушылар қатарында. Қазақстан Еуропалық одаққа күнбағыс шротын жеткізуші жетекші үш елдің қатарына кіреді.
Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының деректеріне сәйкес, соңғы төрт жылда Еуропалық одақ пен Норвегияға өсімдік майларын, шрот пен күнжараны экспорттау көлемі жыл сайын 100 мың тоннадан асып, екі есе өскен. 2025/2026 маркетингтік маусымда жеткізілім көлемі 114 927 тоннаны құрады.
Күнбағыс қауызы негізінде өндірілетін отын түйіршіктерінің экспорты да артып келеді. Қауымдастықтың мәліметінше, Қазақстаннан Еуропалық одақ елдеріне жеткізілетін бұл өнімнің көлемі 2023 жылғы 1 135 тоннадан 2025 жылы 33 418 тоннаға дейін өсіп, 30 есеге артқан. Ал 2025 жылғы экспорттық жеткізілімдердің құны 1,04 млн АҚШ долларына жуықтады.
Қазақстан Республикасының Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлованың ұлттық павильонға келуі Еуропалық одақ нарығының Қазақстан үшін маңыздылығын және отандық май өнімдерін осы нарықта ілгерілетуге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін көрсетті. Сапар аясында Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының өкілдері мен Қазақстанның Франциядағы елшілігі өкілдері Еуропалық одақ елдерімен май өндірісі және қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Қазақстанның SIAL Paris 2026 көрмесіне қатысуы 2026–2028 жылдарға арналған май өнімдерінің экспортын дамыту жөніндегі жол картасын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.
Аталған құжатты Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы Халықаралық сауда орталығымен (ITC) бірлесіп, «QazTrade» акционерлік қоғамының ұйымдастырушылық қолдауымен әзірледі. Жұмыс Еуропалық одақ қаржыландыратын «Ready4Trade: Транскаспий көлік дәлізі арқылы өркендеуге жол» жобасы аясында жүргізілді.
Жол картасында 2028 жылға қарай саланың жыл сайынғы экспорттық кірісін 1,5 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу және Қазақстанды күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі жетекші төрт елдің қатарына қосу міндеттері көзделген.