Машина жасау саласы - республика өнеркәсібінің стратегиялық маңызы бар әрі қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі. Ол автомобиль және теміржол машинасын жасаудан бастап, электротехникалық жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникасы және жоғары технологиялық электроника өндірісіне дейінгі кең ауқымды өндірістерді қамтиды. Саланың дамуына ішкі сұраныстың артуы, білікті кадрлардың болуы, сондай-ақ шетелдік серіктестерді тарту ықпал етуде, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясының мәліметінше, жыл басынан бері елімізде машина жасау саласында 18 жоба жүзеге асырылды. Оларға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 83,4 млрд теңгені құрап, 1 800-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Атап айтқанда, самосвалдар мен арнайы шассилер, сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын, мұнай өндіруге арналған станок-тербелмелерді, жаңбырлатқыш машиналарды, трансформаторларды, сондай-ақ арнайы техниканы (тіркемелер мен жартылай тіркемелер) және агродрондарды өндіру жолға қойылды.
«Сонымен қатар, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін 11 жоба іске қосудың соңғы кезеңінде тұр. Оларға 167,7 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, шамамен 2 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда. Олардың қатарында тартқыш локомотивтерге арналған бандаждар, осьтер мен дөңгелек орталықтарын, тісті дөңгелектерді, вагон құймаларын, рессор үстіндегі арқалықтар мен бүйір жақтауларды, жылу алмастырғыш жабдықтарды, жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін энергияны интеграциялауға арналған трансформаторларды, жүк көтергіш крандарды, өнеркәсіптік сүзгілерді және басқа да өнімдерді өндіру жоспарлануда», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, машина жасау саласында 2027–2028 жылдары іске қосылуы жоспарланған 24 жоба іске асырылу кезеңінде. Жобаларға салынатын инвестиция көлемі 346 млрд теңгеден асады. Олардың қатарында электр қозғалтқыштарын, седельді тартқыштарды, автобетон араластырғыштарды, автомобильдік кран-манипуляторлар, автогрейдерлерді, фронтальды тиегіштерді, түрлі модификациядағы самосвалдарды, жылжымалы құрамға арналған дөңгелектерді, тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтарды, автоматты өрт сөндіру жүйелерін, электрондық чиптерді, люминесцентті шамдарды және басқа да өнімдерді өндіру жобалары бар. Бұл жобалар 5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Жалпы, қазіргі және алдағы 53 жоба бойынша жалпы сомасы шамамен 597,1 млрд теңге инвестиция салу және 8 900 жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның шамамен 800-і ауылдық жерлерде ашылады.
Сарапшылардың айтуынша, машина жасау өнімдерін өндіру бойынша ірі жобаларды Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында іске асыру жоспарлануда.