Алматыда №15 санаториялық үлгідегі мектеп-интернаттың жаңа ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шұғыла шағынауданында орналасқан білім беру мекемесі 340 балаға арналған. Жаңа ғимарат оқушылардың сапалы білім алуына ғана емес, денсаулығын нығайтып, спортпен шұғылданып, шығармашылық қабілетін дамытуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Мектептің ашылу рәсіміне Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай мен Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова қатысты. Қонақтар білім ошағының тарихымен, оқу-тәрбие жұмысымен, материалдық-техникалық базасымен және жаңа ғимараттың мүмкіндіктерімен танысты.

Кешеннің жалпы аумағы 17 543 шаршы метр. Мұнда заманауи құрал-жабдықтармен және интерактивті панельдермен жабдықталған 28 оқу кабинеті бар. Сонымен қатар информатика, цифрлық сауаттылық, робототехника, химия, физика және биология пәндеріне арналған арнайы кабинеттер қарастырылған.
Оқушылардың дене шынықтыруына да ерекше көңіл бөлінген. Мектепте спорт залы, бассейн және стадион бар. Экскурсия барысында оқушылар қонақтарға спорттық шеберлігін көрсетті.
Іс-шараның арнайы қонағы Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова болды. Ол жас спортшыларды құттықтап, биік белесті бағындырып, жаңа жеңіске ұмтылуға шақырды.
Мектептегі іс-шара шығармашылық өнерпаздардың қойылымдарымен де жалғасты. Акт залында оқушылар «Ыбырай жаққан білім шырағы» атты сахналық қойылым ұсынды. Ал музыка және би үйірмелерінің мүшелері шағын концерттік бағдарлама әзірледі.
Жаңа кешенде шығармашылық шеберханалар, 220 орындық акт залы және амфитеатр да бар. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау және Face ID жүйелері орнатылған. Сондай-ақ заманауи асхана жұмыс істейді.
Ғимарат мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де толықтай бейімделген.
Жаңа ғимараттың ашылуымен мектеп ұжымы мен оқушыларды құттықтаған Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Бүгін баршамыз үшін ерекше әрі қуанышты күн. №15 санаториялық үлгідегі мектеп-интернаттың жаңа ғимараты балаларға есігін айқара ашып, сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл оқушылар білім алып қана қоймай, денсаулығын нығайтып, шығармашылық және спорттық қабілетін шыңдай алатын заманауи білім беру ортасы», – деді ол.
Оның айтуынша, мектеп жаңа оқу жылын заманауи инфрақұрылыммен және оқушылардың жайлы білім алуына қажетті барлық жағдаймен бастап отыр. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, әр баланың қабілетін ашуға жағдай жасау.
«Ұстаздар қауымына еңбегіне жеміс, ал оқушыларымызға сапалы білім, зор денсаулық және биік жетістіктер тілеймін», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары.