Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова Қытайдың Чэн Си ханым бастаған Guo JingAn компаниясының делегациясымен кездесу өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалын, ҚХР аумағында теміржол желісін салу перспективалары және «Орталық – Батыс» автомобиль жолы жобасын іске асыру мәселелерін талқылады.
ҚХР аумағындағы «Нұр Жолы» өткізу пунктін кеңейту тәулігіне 800 жүк көлігінің орнына 1 500-ге дейін жүк көлігін өткізуге мүмкіндік береді. Қытай тарапы желтоқсан айының соңына дейін Қорғас өткізу пунктінің жұмыс уақытын 3 сағатқа ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады. Сондай-ақ «Орталық – Батыс» автомобиль жолы жобасы бойынша CITIC Group компаниясымен ынтымақтастық мәселесі талқыланды.
Әсел Жанасова Қытай тауарларын Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Түркия, Иран және Пәкістан нарықтарына жедел жеткізу үшін Қазақстанда Қорғас пен Алатау қаласының базасында дистрибуциялық хаб құруды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сертификаттау үшін елде қытайлық зертханаларды орналастыруды ұсынды.
Қазақстан Қытаймен жүк тасымалы көлемін 10 есе ұлғайтуды мақсат етіп отыр.
Тараптар жедел әрекет ету жөніндегі жұмыс топтарын құруға және нақты ұсыныстар бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты.