Жаңа оқу жылы қарсаңында елорданың №116 орта мектебінде «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара барысында 27 білім беру ұйымынан келген 200-ден астам оқушыға жаңа мектеп сөмкелері табысталды. Бұл сыйлық балалар үшін оқу жылының басталуына орай жасалған маңызды тарту болды.
«Мектепке жол» акциясы жыл сайын мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, бизнес өкілдері мен белсенді азаматтардың басын біріктіріп, ерекше қолдауды қажет ететін балалар мен отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған игі іске жұмылдырады.
Іс-шара аясында акцияның бастамашысы болған Halyk Bank-тің елордалық филиалының өкілдері мектеп сөмкелерін табыстау рәсіміне қатысты.
Балалар үшін бұл сыйлық жай ғана қажетті оқу құралы емес, оларға деген ықылас пен қамқорлықтың белгісіне айналды. Ұйымдастырушылар мұндай акциялардың маңызы зор екенін атап өтті. Өйткені мұндай бастамалар отбасыларға қолдау көрсетіп қана қоймай, өскелең ұрпақтың ізгі істердің, өзара көмектің және әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын түсінуіне ықпал етеді.