2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Алматы оқушылары қалалық, республикалық және халықаралық олимпиадаларда, байқаулар мен чемпионаттарда 2,7 мыңнан астам марапатқа ие болды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ғылыми, шығармашылық және білім беру бағытындағы іс-шараларға қатысушылардың жалпы саны 160 мыңнан асты. Оқу жылы барысында қалада 5 мыңнан астам оқушының қатысуымен 37 олимпиада мен байқау өткізіліп, олардың 2 420-сы жүлдегер атанды. Республикалық деңгейде алматылық оқушылар 232 марапат иеленді. Сонымен қатар қала құрамасы жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша қатарынан 24 жыл еліміздің үздік олимпиадалық командасы деп танылды.
Оқушылар халықаралық деңгейде де жоғары нәтиже көрсетіп, әлемдік жарыстарда 99 медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Тунистегі I-FEST² 2026 байқауында, Литвадағы математикалық олимпиадада, АҚШ-тағы FIRST Championship чемпионатында және Қытайдағы ғылыми байқауларда жеңіске жетті. Алматы мектептерінде STEM бағыттарын, инженерияны, робототехниканы және жасанды интеллектті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.