Almaty Arena көпфункционалды кешенінде күрес түрлерінен Қазақстан Республикасының Кубогы аяқталды. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен үздік балуандар қатысты. Турнир қорытындысы бойынша алматылық спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді. Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Грек-рим күресі бойынша 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Шамиль Ожаев алтын медаль жеңіп алса, 63 келіге дейінгі салмақта Еркебұлан Ардақов қола жүлдегер атанды.
Әйелдер күресінде алматылық спортшылар 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленді. Қазақстан Кубогының жеңімпаздары қатарында Айнұр Әшімова (55 кг), Жаңыл Бекен (65 кг) және Жәмилә Бақбергенова (68 кг) бар. Қаламқас Жүніс (59 кг) күміс жүлдегер атанса, Алина Ертөстікке (76 кг) қола медаль бұйырды.
Еркін күресте Нұрқожа Қайпанов (74 кг), Санжар Досжанов (70 кг) және Ерхан Әбіл (79 кг) Қазақстан Республикасының Кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар Асыл Айтақын мен Бақдәулет Әкімжан күміс жүлдеге ие болса, Мерей Базарбаев пен Родион Анчугин турнирдің қола жүлдегерлері атанды.
Айта кетейік, турнир аясында Нұрқожа Қайпановқа Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитетінің «Қазақстан Республикасының Олимпиадалық қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» I дәрежелі құрмет белгісі табысталды.
Қазақстан Республикасының Кубогы қорытындысы бойынша Алматы қаласының құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді.