Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті қарсаңында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында ауқымды гарнизондық саптық таратылым өтті, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов бастаған полиция басшылығы арнайы қатысып, дайындық жұмыстарын пысықтады. Сапқа полицияның жеке құрамы, құқық қорғау және күштік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ ресми делегацияларды алып жүруге жұмылдырылатын қызметтік автокөліктер шығарылды. Гарнизондық жиынды Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров өткізіп, халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шараны жоғары деңгейде өткізу үшін жұмылдырылған күштердің дайындығын тексерді. Саптық жиын барысында қызметкерлердің сыртқы келбеті, қызметтік тәртібі, арнайы құрал-жабдықтары мен автокөліктердің техникалық жай-күйі бақылауға алынды.
Қазіргі уақытта Түркістан қаласында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Іс-шаралар өтетін аумақтар мен орталық көшелерде жаяу және автопатрульдер саны арттырылып, бейнебақылау жүйелері мен Жедел басқару орталығы арқылы тәулік бойы бақылау жүргізілуде.