Алматы облысында полиция қызметкерлерінің гарнизондық сап тексерісі өтті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы облысында полиция департаментінің жеке құрамының гарнизондық саптық тексерісі өтті. Іс-шараға облыстық полиция басшылығы, ҚР ІІМ Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, сондай-ақ барлық қызмет пен бөлімшелердің қызметкерлері қатысты. Сапқа тұрғызу барысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған қызметтік техника таныстырылды.
Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев жеке құрамға сөз сөйлеп, қызметте заңдылықты сақтау, кәсібилік және жоғары жауапкершілік қағидаттарын ұстанудың маңыздылығын атап өтті. Ол құқық қорғау органдарының басты міндеті – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету екенін айтты.
– Заңдылықты сақтау – біздің жұмысымыздың басты қағидаты болуы керек. Тек адалдық, тәртіп және жанқиярлық арқылы ғана біз азаматтардың сенімін нығайтып, алға қойылған міндеттерді тиімді орындай аламыз, – деді облыстық полиция басшысы.
Саптық тексеріс барысында барлық бөлімшелердің кез келген төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге дайындық деңгейіне ерекше назар аударылды. Қызметтік техниканың көрсетілімі бөлімшелердің жоғары деңгейде жабдықталғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.