Алматы әкімі Дархан Сатыбалды электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру және иесіз желілерді коммуналдық меншікке беру мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жекеменшік электр желілерінің бірқатары әбден тозған. Кей жерде деңгейі 80 пайыздан асады. Бұл апатты өшу мен кернеудің тұрақсыздығына себеп болып отыр. Соңғы алты айдың ішінде жекеменшік желілерде 295 өшу тіркелген. Бұл қала бойынша барлық өшіру жағдайының шамамен 45 пайызы. Әсіресе Наурызбай, Бостандық және Медеу аудандарында мәселе өзекті болып отыр.
Алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандардың, тұрғын үй кешендерінің және апатты жағдайдағы учаскелердің иесіз желілерін коммуналдық меншікке қабылдау жоспарланып отыр. Кейін олар «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның қарауына беріледі.Сондай-ақ желілерді есепке алу, дербес шоттар ашу және әрі қарай қызмет көрсету бойынша бірыңғай тетік әзірлеу тапсырылды. Аталған шаралар электрмен жабдықтау сапасын жақсартып, апаттық өшірулер санын азайтуға мүмкіндік береді.