Алматыда жауын-шашынға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжауынша, қалада жауын-шашын 12 мамыр күні түске дейін жауады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнап, желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшеюі мүмкін. Су басу қаупінің алдын алу және салдарын жедел жою мақсатында коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдардың тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылды.
Кезекшілікке 104 арнайы техника, 74 мотопомпа, 12 ассенизаторлық көлік, 75 жедел бригада және 425 жол қызметкері жұмылдырылды. Сондай-ақ, 2300 құм салынған қап дайындалды. Қосымша Алматы қаласының Құтқару қызметі мен Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тартылды.
Жалпы қала бойынша 3080 жол саласы жұмысшысы мен 1225 арнайы техника тартылды.Қала тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік шараларын сақтап, ауа райы жағдайын ескеруді сұраймыз!