Елордада полиция қауіпті жарыс ұйымдастырған жүргізушілер тобын тоқтатты, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Астанада полицейлер қала көшесінде қауіпті жарыс ұйымдастырған жүргізушілер тобын тоқтатты. Олардың әрекеті жол қозғалысына қатысушылардың барлығына қауіп төндірген. Оқиға Салық Зиманов көшесінде болды. Құқық бұзушылардың қатарында Skoda автокөлігінің 18 жастағы жүргізушісі және Toyota Highlander көлігінің екі жүргізушісі болған. Олардың бірі – кәмелетке толмаған жасөспірім, екіншісі – 33 жастағы ер адам.
Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, апаттық жағдай туғызған. Барлық қатысушыға хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған жасөспірімнің заңды өкілі де жауапкершілікке тартылды. Ол көлік құралын басқару құқығы жоқ тұлғаға бергені, баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны және жасөспірімнің тұрғын үйден тыс жерде ересектердің қарауынсыз жүргені үшін жауап берді. Барлық құқық бұзушының көліктері коммуналдық тұраққа қойылды. Жыл басынан бері апаттық жағдай туғызғаны үшін шамамен 1800 жүргізуші жауапқа тартылса, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 3 мыңға жуық жүргізуші жазаланған. Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың алдын алу және анықтау бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. Әсіресе, қауіпті жүргізу, көше жарыстары және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де әрекеттер ерекше бақылауда. Полиция ескертеді: мұндай құқық бұзушылықтар қатаң бақылауда және қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде тоқтатылады. Жолдағы қауіпсіздік – әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі.