Мемлекет басшысының ауқымды цифрландыруды жүзеге асыру және жасанды интеллект технологияларын Республика көлемінде белсенді енгізу жөніндегі тапсырмалары аясында Алматы қаласында «Аккредиттеу: жаңа үрдістер мен көзқарастар» тақырыбында салалық кеңес өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілішсі ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара ҚР СИМ ТРМК «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өтті. Кеңеске сапа инфрақұрылымы институттарының, аккредиттеу субъектілерінің, салалық сарапшылар мен ғалымдардың өкілдері қатысты.
Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция Вице-министрі Асет Нүсіпов алғы сөз сөйлеп, техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын атап өтті. Ол саланы цифрландыруға, техникалық реттеудің электрондық жүйесі — е-КТРМ платформасын дамытуға және оны одан әрі жетілдіру шараларына ерекше назар аударды.
Кездесудің негізгі тақырыбы аккредиттеу жүйесінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын цифрлық шешімдер мен қашықтан бағалау құралдары арқылы талқылау болды.
ҚР СИМ ТРМК «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК бас директоры Искандер Хамитов қашықтан бағалауды аккредиттеу субъектілері арасында адал тәжірибені қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті.Сондай-ақ ол «Аккредиттеудегі 20 жаңа тұлға» және «20 жаңа бағалаушы» жобалары туралы айтып өтті. Бұл бастамалар саланың кадрлық әлеуетін нығайтуға және сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар нарықтағы сертификаттау тәжірибесіне қатысты мәселелер де қозғалды. Қатысушылар кейбір жағдайларда көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті (КҚКҚТК) шамадан тыс көп берілуі байқалатынын атап өтіп, бұл сәйкестікті бағалау рәсімдерінің сапасы мен ашықтығына қосымша назар аударуды қажет ететінін айтты.
Саланы жүйелеу және бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру мақсатында жеке көлік құралдарының сәйкестігін бағалау жұмыстарын жүргізу мерзімдері мен негізгі критерийлерін айқындайтын СТ РК 4038-2016 «Жеке көлік құралдарының сәйкестігін бағалау жұмыстарын жүргізу уақыт нормалары» ұлттық стандарты әзірленді.