Түркістан облысында 100 мыңға жуық кәсіпкер әйел бар. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Самат Көшкінбай айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Түркістан облсының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінде мемлекеттік қызметте еңбек ететін 5 611 қызметкердің 1 572-і нәзік жандылар. Оның ішінде, 233 әйел басшылық лауазымдарды атқарады. Облыс көлемінде қазіргі уақытта 216 100 кәсіпкер тіркелген, олардың шамамен 94 012-сі әйелдер. Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша салааралық кеңесі» құрамында 29 әйел кәсіпкер бар. Аталған кеңес өз қызметінде әйелдердің кәсіпкерлігін дамыту, бизнес нысандарына қатысты кедергілерді азайту және әйелдердің экономикалық бастамаларын қолдау бойынша нақты жобаларды іске асырады. Осы орайда Түркістан қаласында ҚР ҰКП «Атамекен» жанынан 2021 жылы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылған болатын. Ондағы оқу курстарына 120-дан астам әйел қатысып, кондитерлік өнім өндіру, визажист, SMM, тігін және аспаздық бағыттар бойынша кәсіби дағдыларын жетілдірді. Сонымен қатар, 12 кәсіпкерге жеке менторлық қызмет көрсетіліп, 5 кәсіпорынға сыртқы бағалау жүргізілді. Сондай-ақ, 51 әйел кәсіпкерге халықаралық жобаларға қатысу бойынша қолдау көрсетіліп, 14 қыз-келіншек арнайы оқудан өтті. Одан бөлек, биыл сервистік қолдау аясында 561 кәсіпкерге қолдау көрсетілді, олардың 252-сі әйелдер»,- деді спикер.
Сонымен қатар, брифингке қатысқан облыстық кәсіпкер әйелдер ассоциациясының мүшесі Гүлмира Салыбекова әйел кәсіпкерлер өңір экономикасына, салық түсімдеріне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына елеулі үлес қосып жатқандығын айтты. Сонымен қатар, әйелдердің кәсіпкерлігін қолдау мақсатында гранттар, субсидиялар және микронесиелер бағдарламаларын кеңейту, жергілікті көрмелер мен сауда форумдары арқылы өнімдерді насихаттаудың тиімді тұстарына тоқталды.
Айта кетейік, биыл кәсіпкерлерді қолдау бойынша «Бірыңғай кешенді» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлерге 22,8 млрд. теңге жеңілдетілген несие қаржысы берілген. Жеңілдетілген несиелердің 42%-н әйел кәсіпкерлер алған.