Алматыда халықаралық Be WOMAN Asia 2025 форумы ашылды. Форум көшбасшы әйелдерді, кәсіпкерлерді, ғылым, мәдениет, өнер және инновация өкілдерін біріктірді. Іс-шара аймақтағы әйелдер көшбасшылығы, гендерлік теңдік және орнықты даму тақырыптарын талқылаудың басты алаңына айналды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өз сөзінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева қазақстандық әйелдердің бүгінде барлық салада сенімді ілгерілеп келе жатқанын атап өтті. Әйелдердің сауаттылық деңгейі – 99,9 пайыз, еліміздегі әрбір екінші университет студенті – қыз, ал ғылым саласында зерттеушілердің 55,7 пайызы – әйелдер. Студент қыздардың 30 пайыздан астамы STEM бағыттарын таңдайды, IT және цифрлық экономикада 31 пайыз әйел еңбек етеді, ал елдегі ең ірі технопарк – Astana Hub-та әр жетінші стартапты әйелдер құрған. Сондай-ақ әйелдер мемлекеттік басқару саласына да белсенді араласуда: мемлекеттік қызметшілердің қатарындағы үлесі 55 пайыздан асады.
«Қазақ әйелдері заманауи, білімді әрі әлеуметтік белсенді. Мемлекет қолдауының арқасында олар бизнес, ғылым, мемлекеттік басқару саласында табысты еңбек етіп, сонымен бірге отбасылық құндылықтарды сақтап келеді», – деді Аида Балаева.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков форумның оңтүстік астанада өтуінің ерекше мәнге ие екенін айтты.
«Алматы – Қазақстанның жүрегі, ең ірі мегаполис, ғылым мен мәдениеттің орталығы. Орталық Азиядағы ең ірі әйелдер көшбасшылығы форумының дәл осы жерде өтуі символдық мәнге ие. Be WOMAN Asia – әйелдердің идеялары, тәжірибесі мен энергиясы тоғысатын, жаңа бастамаларға серпін беретін алаң», – деді ол.
Be WOMAN Asia форумы халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың беделді алаңы ретінде танылды. Өткен жылы ол 12 елден келген 95-тен астам спикерді және 3 мыңнан аса кәсіпкер мен пікір көшбасшыларын жинады. 2025 жылы Алматы тағы да әйелдер көшбасшылығы орталығы мәртебесін растады, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларды жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыру үшін біріктірді.
Айта кетейік, Қазақстанда әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар прогрессивті заңдар қабылданды. Соның ішінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қысым көрсетуге қарсы заңдар. Президент тапсырмасымен ІІМ-де арнайы басқарма құрылып, жыныстық қылмыстарды тергейтін әйел-тергеушілер тәжірибесі енгізілді. Бұл шаралар қоғамда әйелдердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға ықпал етуде.