Алдағы екі жылда Алматыда 38 қоғамдық кеңістік жаңартылып, жаңадан құрылады. Бұл жұмысқа Лондон, Мәскеу, Шанхайдың және еліміздің үздік сарапшылары мен урбанистері тартылып отыр. Көріктендіру стандарттарын тиімді іске асыру мақсатында қалалық Урбанистика орталығы құрылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкімнің айтуынша, қала тазалығын қамтамасыз ету үшін «Алматы Тазалық» коммуналдық кәсіпорнының жұмысы күшейтілді. Атап айтқанда, қызметкерлер саны 600 адамнан 2 000 адамға дейін ұлғайды, еңбекақы мөлшері 170 мың теңгеден 370 мың теңгеге дейін артты, сондай-ақ 330 бірлік жаңа арнайы техника сатып алынды.Сондай-ақ, «Жасыл Алматы» бірыңғай операторы құрылды. Оның қарамағына 400 гектардан астам жасыл аумақ кезең-кезеңімен беріліп жатыр. Бұған қоса, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жыл басынан беріп Алматыда 9,4 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 58 мың куб метрден астам қоқыс шығарылды. Бұл жұмыс 2026 жылы да жалғасады.