Астанада «Қауіпсіз жол» шарасы аясында жол ережесі 2400-ден астам мәрте бұзылғаны анықталды«Заң және тәртіп» қағидаты аясында елордалық полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың санын азайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Осы мақсатта қалада «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның аясында Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін учаскелерді аралап көрді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Биыл жыл басынан бері елордада 1700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.Өткізіліп жатқан іс-шара барысында 2453 жол ережесін бұзушылық анықталды, оның 131-і жүк көліктерінің жүргізушілеріне тиесілі.Сонымен қатар, «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында полицейлер жол қозғалысын тәулік бойы бақылауда ұстайды. Бұл үшін көшедегі бейнекамералар, смарт-белгілер, автопатрульдерге орнатылған камералар қолданылуда.
Ерекше назар «Бірыңғай дрон инфрақұрылымына» аударылған, оның көмегімен жол қозғалысына әуеден бақылау жүргізіледі.Марат Төлебаевтың айтуынша, 2020-2024 жылдар аралығында айналма жолдың Қарағанды тасжолынан Көкшетау бағытындағы учаскесінде 89 жол апаты болған.Бұл бөлік – Алматы-Екатеринбург халықаралық транзиттік бағыты. Көп жағдайда оқиғалар жылдамдықты асыру және қауіпті маневр жасау салдарынан болады.Қауіпсіздікті арттыру үшін қауіпті аймақтарда маневр жасауға тыйым салатын үздіксіз жол белгілері кеңейтілген, жылдамдықты шектеу белгілері қойылған, «Сергек» камералары орнатылған, сондай-ақ жылдамдықты тіркейтін «Екин патруль» экипаждары жұмыс істей бастады.Қабылданған шаралардың нәтижесінде жағдай жақсарып, 2025 жылы бұл учаскеде өліммен аяқталған апаттар тіркелмеген.Биыл сондай-ақ жеті жолайрықтағы бағдаршам жұмысының режимі өзгертілді. Сараптама көрсеткендей, түзетулер енгізілгеннен кейін жол апаттарының саны азайып, жол өткізгіштігі артқан.Енді барлық бағытта қызыл шам 4 секундқа қатар қосылады. Бұл маневрді қауіпсіз аяқтап, жолайрықты босатуға мүмкіндік береді.
Мысалы, Қараменды би Шақауылы және Жеміс (Земляничная) көшелерінің қиылысында өзгерістер енгізілгенге дейін солға бұрылу кезінде қарсы бағыттағы көлікпен соқтығысуға қатысты 28 апат тіркелген. Жаңа режим енгізілгеннен кейін мұндай оқиғалар тіркелмей отыр.Әрбір жол-көлік оқиғасы жеке талданып, жол инфрақұрылымын реттеу бойынша қажетті өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар, болашақта осындай қайталануларды болдырмау үшін тек апат тіркелген учаскелерде ғана емес, қаланың басқа да көшелерінде заманауи техникалық бақылау құралдары кеңінен қолданылып жатыр.