Петропавлда полицейлер көлік тізгіндеген жасөспірімді анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері СҚО-да 184 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 7 адам қаза тапты, 256 адам жарақат алды. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында полицейлер “Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде рейдтер жүргізіп жатыр. Іс-шара 19 сәуірден бастап өткізіліп жатыр. 350-ден астам полиция қызметкері басқа ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, қала сыртындағы трассалар мен елді мекендердің көшелерінде тексеріс жүргізуде. Петропавлдағы Интернациональный және Смирнов көшелерінің қиылысында тәртіп сақшылары Audi автокөлігін тоқтатты, рөлде 17 жастағы қала тұрғыны болған. Кәмелетке толмағандықтан, оның көлік құралын басқару құқығы болмаған. Тексеру көрсеткендей, ол бұрын осындай құқық бұзушылық жасаған. Заңды өкілге бір жыл ішінде қайтадан жауапкершілікке тартылуға тура келді.
Полицейлер еске салады: жол жауапкершілікті талап етеді, ал басқару құқығынсыз жүру — қозғалыстың барлық қатысушысына қауіп төндіреді. Сонымен қатар, "Қауіпсіз жол" ЖПІШ өткізу кезінде облыста осындай 135 жағдайға тосқауыл қойылды. Басқару құқығынан айырылса да көлікті тізгіндеген 72 жүргізуші жауапқа тартылды. ЖПІШ шеңберінде тәртіп сақшылары 8 мыңнан астам түрлі жол қозғалысы ережелерін бұзуды, оның ішінде 155-і көлікті масаң күйде басқарған азаматты анықтады.