Астана қаласындағы №107 жалпы орта мектеп – білім беру саласында заманауи технологияны толық енгізген алғашқы оқу орындарының бірі. Бұл келешек мектебі бүгінде толықтай цифрлық жүйеге көшіп, оқу үдерісін де, тәртіпті де жаңа деңгейге көтеріп отыр. Мектептің ішкі және сыртқы бейнебақылау камераларына жасанды интеллект (ЖИ) жүйесі орнатылған.Бұл жүйе үзіліс кезінде оқушылардың қауіпсіздігі мен тәртібін анықтап, күмәнді немесе агрессивті әрекеттерді бірден байқайды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Егер оқушыға өзге сыныптасы күш көрсетсе немесе ол мектеп ережесін бұзса, ЖИ камерасы автоматты түрде сол сәттің бейнежазбасын мектеп басшылығына жолдайды.
Бүгінде №107 мектептің тәжірибесі елорданың өзге білім ордаларына да үлгі болып отыр. Жасанды интеллектің көмегімен мектеп қауіпсіздігі күшейіп, оқушылардың өзара қарым-қатынасы мәдениетті сипат ала бастаған.Цифрлық дәуірдің талаптарына сай бұл бастама білім саласындағы жаңа бетбұрыстың бір көрінісі десек, артық айтқандық емес.