Премьер-министр Олжас Бектенов Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған халықаралық форумға қатысып, кәсіби мереке қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан әлеуметтік-еңбек саласының өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыс етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форумға Біріккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық еңбек ұйымы, Халықаралық көші-қон ұйымы, ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік банк және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы қоғам дамуының маңызды буыны ретінде әлеуметтік қызметкерлер мәртебесін көтеруге және әлеуметтік қорғау жүйесін реформалауға үлкен көңіл бөлуде. Премьер-министр Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің ардагерлер мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, азаматтардың осал топтарын қолдауды қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барынша жағдай жасайтынын атап өтті. Бұл орайда әлеуметтік теңсіздікті жою, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту және осы бағытта ең үздік халықаралық стандарттарды енгізу мемлекеттің басым міндеттерінің бірі болып қалып отыр. Бүгінде цифрландыру әлеуметтік-еңбек қатынастарының барлық саласына белсенді түрде енгізіліп, үлкен деректерді өңдеуге мүмкіндік беріп отыр», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұл бағытта Қазақстан Үкіметі жүйелі жұмыстар жүргізуде. 2021-2025 жылдар аралығында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейтін әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 2 есе ұлғайтылды. Сондай-ақ әкімшілік және көмекші қызметкерлердің, мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелер, үйде күтім жасау және уақытша болу ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы олардың қолданыстағы қосымша ақыларының мөлшерін базалық лауазымдық жалақының 30%-ынан лауазымдық жалақының 40%-ына дейін ұлғайту жолымен көбейтілді.
Елімізде халықты әлеуметтік қорғау саласында барлығы 40 мың маман (медицина қызметкерлері, арнайы педагогтер және әлеуметтік қызметкерлер) жұмыс істейді. ҚР Әлеуметтік кодексінде орындалатын жұмыстардың кәсіби деңгейі мен күрделілігін ескере отырып, оқыту, сертификаттау және санаттар беру мен еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу арқылы әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін арттыру көзделген.
Халықаралық форум барысында қатысушыларға Қазақстанда азаматтардың осал санаттарын қолдау үшін кеңінен қолданылатын цифрлық шешімдер ұсынылды. Оның ішінде бірыңғай цифрлық платформа, әлеуметтік қызметтер порталы және 2024 жылдың үздік жобасы деп танылған отбасының цифрлық картасы сияқты инновациялық жобалар бар. Картада 6 млн қазақстандық отбасы туралы деректер бар, азаматтарға мемлекеттік қызметтердің 11 түрі проактивті форматта ұсынылады.
Әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту шеңберінде Қазақстан халықаралық ұйымдармен белсенді өзара іс-қимыл жүргізуде. Мүгедектігі бар жандардың, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғауға, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Алдағы бес жылға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданды, БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясы ратификацияланды. Халықаралық еңбек ұйымымен серіктестікте ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша келісілген жұмыстар жүргізілуде.
Форумда Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ХӘҚҚ) президенті доктор Мохаммед Азман Қазақстанның әлеуметтік қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Форум алаңында Премьер-министр бірқатар технологиялық шешімдермен танысты. Атап айтқанда, Жамбыл облысынан келген отандық стартапшылар жасанды интеллектіге интеграцияланған цифрлық технологиялар көмегімен тіл және бас қимылдары арқылы мүгедектер арбасын басқару әдісін таныстырды.
*****
Мемлекет басшысының Жарлығымен әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталғандар:
«Құрмет» орденімен
- Майгүл Жақанова – еңбек сіңірген әлеуметік сала қызметкері;
- Алмакүл Даутова – еңбек сіңірген әлеуметік сала қызметкері;
- Марат Жаныбеков – «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен
- Мұратбек Ищанов – «Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК Технологиялық бөлім бастығы;
- Күлпаш Темірбекова – «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ Актуарлық есептеулер және талдау қызметі басшысының орынбасары;
- Нұргүл Дүкенова – Абай облысы Ақсуат ауданының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» «Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің» әлеуметтік қызметкері;
- Болат Үсембаев – Жамбыл облысы Сарысу ауданының «Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» КММ-нің әлеуметтік қызметкері;
- Гүлназ Тлеуберлинова – «Жан шуақ – Жетісу» ҚБ-ның Жетісу облысы бойынша төрағасы;
- Рафиса Ризванова – Қостанай облысы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің қарттар мен мүгедектерге күтім жасау жөніндегі әлеуметтік қызметкері;
- Ирина Колибер – Павлодар облысы «Халыққа әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің қарттар мен мүгедектерге күтім жасау жөніндегі әлеуметтік қызметкері;
- Амангүл Нұрлаева – Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығы» КММ директоры.
«Шапағат» медалімен
- Кұрманай Қалиева – Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті Зейнетақы және әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы;
- Татьяна Силко – Ақмола облысы Первомайка ауылының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің бақылаушы санитар қызметкері;
- Альмира Дисюпова – Шығыс Қазақстан облысы Зевакин ауылының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің медбикесі;
- Зауреш Айтжанова – Қарағанды облысы «№3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің шаруашылық меңгерушісі.

