Өскеменде мемлекетаралық іздеуде жүрген азамат ұсталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Өскемен қаласында мемлекетаралық іздеуде жүрген 55 жастағы шетел азаматын ұстады. Ол іздеуде он жылға жуық уақыт болған. Анықталғандай, 2007 жылдың желтоқсанында тұрмыстық жанжал кезінде ер адам танысына пышақ жарақатын салып, денсаулығына ауыр зиян келтірген. Сот оны сырттай 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Алайда ол жазасын өтеуден жалтарып, бой тасалаған.
2016 жылдың соңында мемлекетаралық іздеуге жарияланған. Қазіргі уақытта ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оны іздеп жатқан тарапқа хабар берілді. Биыл желтоқсан айында оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін тиісті елге беру рәсімі жоспарланған. Жыл басынан бері облыс полицейлері іздеуде жүрген 23 адамды ұстады. Оның 13-і өткен жылдары жасалған қылмыстар бойынша іздеуде болған. Шығыс Қазақстан облысының полицейлері “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында қылмыс жасаған адамдарды анықтап, заң алдында жауапқа тарту бағытындағы жұмысты жалғастыруда.