Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен танысты. Премьер-Министр Жыланды кенішінде болып, сала қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекелері – Шахтер күнімен құттықтады, оларға Президент атынан мемлекеттік марапаттарды табыс етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-Министр Олжас Бектенов «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің компанияның ағымдағы қызметі, инвестициялық бағдарламалары, даму жоспарлары, әлеуметтік жобалары мен ел ішіндегі құндылықты дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндамасын тыңдады.
Биылғы 6 айда Корпорация Ұлытау облысындағы жеткізушілерден 92,7 млрд теңгеге тауарлар, жұмыстар мен қызметтер (ТЖҚ) сатып алды, өңірдегі өндірушілерден ТЖҚ сатып алу үлесі 35,5%-ды құрады. Жергілікті кәсіпорындармен 27,8 млрд теңгеге офтейк келісімшарттар жасалды. «Қазақмыс» ішкі құндылығының жалпы үлесі биыл 71,7%-ды құрады. Республикалық және жергілікті бюджетке түсетін түсімдер бірнеше есеге өсті.
Облыс өнеркәсіптің өткен жылғы көрсеткіштерімен салыстырғанда 7% өсіммен елімізде 4-орында тұр. Премьер-Министр қарқынды төмендетпеуді тапсырды және одан әрі өсу үшін қолда бар резервтерге назар аударды.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің тау-кен металлургия кешенін дамытудың маңызды екенін баса айтты. Жекеменшік кәсіпорындарды геологиялық барлауға инвестиция салуға ынталандыру – басым міндеттер қатарында. Өңдеу өнеркәсіптерін шикізатпен қамтамасыз ету көлемін ұлғайту үшін барлық күш-жігерді жұмсауымыз қажет. Біздің алдымызда жаңа технологияларды енгізу, жергілікті қамтуды арттыру және экспортты дамыту арқылы өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр. Саланы одан әрі дамыту біздің өндірушілердің жаһандық трендтер ұсынып отырған технологиялық өзгерістерге тез бейімделе алуы мен мүмкіндікті барынша пайдалана алуына тікелей байланысты», — деген Олжас Бектенов бұл бағытта мемлекеттік органдар мен бизнес үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін баса айтты.
Жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісінде атап өтілетін Шахтер күні қарсаңында Премьер-Министр кеншілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапттар табыс етті.
«Құрмет» орденімен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалының ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәулет Айқымбаев марапатталды. ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені тау-кен жұмысшысы Әлиасқар Аймановқа, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені учаске шеберлері Қанат Исабек пен Бауыржан Қопабаевқа, «Ерен еңбегі үшін» медалі – бұрғылаушының көмекшісі Данияр Аккикеловке, оператор Раушан Қалмырзинаға, үңгілеуші Бекмұхан Қалдаровқа, учаске бастығының орынбасары Ақбейсен Қайырбековке, бұрғылаушы Кентай Оразбековке, машинист Бейсен Әбілмажинге, жетекші механик Борис Поликарповқа және Жезқазған байыту фабрикаларының өндіріс директоры Арыстанбек Әбдіқайыровқа табысталды.