Астанада 23 жастағы қыздан жарты келі мефедрон тәркіленді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Елордада полиция қызметкерлері 23 жастағы тұрғынды үйінде ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін ұстады. Жедел іс-шаралар прокуратураның үйлестіруімен жүргізіліп жатқан есірткі қылмыстарына қарсы 30 күндік кешенді шаралар аясында өтті. Қыз кіреберісінде "қоймаға" жасырын есірткі қалдыруға дайындалып жатқан сәтінде қолға түсті. Жеке тінту барысында одан ерекше иісі бар, мефедронға ұқсас ақ түсті зат салынған 40 түйіншек табылды. Одан бөлек, пәтерін тінту кезінде полицейлер шкафтан тағы жарты келі мефедронды, сондай-ақ есірткіні бөліп-орауға арналған электронды таразы мен түрлі құрал-жабдықтарды анықтады.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті есірткі тобының "қоймашысы" болған: ол ірі партияларды қабылдап, сақтап, кейін интернет арқылы таратушыларға жеткізіп отырған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Полиция есірткі сақтау, тарату және делдалдық жасау — ауыр қылмыс екенін, ол үшін заңда қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Айлық аясында "Астана – есірткісіз қала" ұранымен рейдтер, тексерулер және алдын алу шаралары жалғасуда.