ШҚО-да полиция дронның көмегімен жол тәртібін бұзғандарды анықтады, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол жүрісі қағидаларының сақталуын бақылау мақсатында ұйымдастырылған "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы қарқынды жалғасуда. Аталмыш шара аясында өңірдегі апатты-қауіпті жол учаскелеріне ерекше назар аударылып отыр. Профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен "Кибершериф" борттық кешені кеңінен қолданысқа енгізілді. Дрондар арқылы жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушілер жедел анықталып, жақын маңда жүрген патрульдік полиция жасақтары дереу әрекетке көшіп, заң бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылдайды. Ал "Кибершериф" кешені көлік құралдарының қозғалысын бейнетіркеуге алып, жылдамдығын өлшейді, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін алыстан таниды әрі іздеудегі көліктерді анықтауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері дрон көмегімен онға жуық жол ережесін бұзу дерегі тіркелсе, соның екеуі "Қауіпсіз жол" іс-шарасы барысында анықталған. Мәселен, Өскемен – Риддер бағытындағы автожолдың бір бөлігінде дрон тыйым салынған жерде қарсы бағытқа шыққан екі көлікті тіркеген. Қауіпті маневр жасаған Haval және Subaru көліктерінің жүргізушілеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, іс материалдары сотқа жолданды. Енді бұл азаматтар алты ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Полиция қызметкерлері барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Себебі жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты.