Таразда жол ережелерін бұзған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыс орталығында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзған бірнеше жүргізушіні анықтады. Тараз қаласының көшелерінің бірінде екі жолақты сызықты кесіп өтіп, жол ережелерін бұзған Lada-21214 автокөлігінің жүргізушісі ұсталды. Сондай-ақ бұл жүргізушінің осыған дейін жүргізуші куәлігі тоқтатылғаны және көлігін қараңғылап жүргені анықталды. Оған қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, 216 260 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі тыйым салынған жерден бұрылыс жасағаны белгілі болды. Осы заң бұзушылығы үшін жүргізуші 6 ай мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды. Жамбыл облысының полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырады. Себебі жол ережелерін бұзу адам өміріне қауіп төндіреді және жол-көлік оқиғаларының жиілігін арттырады. Жол қозғалысы қауіпсіздігі баршаға ортақ жауапкершілік.