Қостанайда спорт факультетінде оқитын студент есірткі таратқаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін полиция облыс орталығының түкпір-түкпірінде есірткі таратумен айналысқан екі адамды ұстаған болатын. Олардың бірі дене шынықтыру факультетінің 4-ші курсында оқыған.
Олардың жалдамалы пәтерін тінту кезінде қызметкерлер 4 келіден астам синтетикалық есірткі – “а-PVP” тәркіледі.
Сонымен қатар электронды таразылар, 240 мини-магниттер, электр таспасы, фольга және есірткіні орауға арналған басқа да құрылғылар табылды.
Қара нарықта алынған партияның құны шамамен 100 млн теңгені құрайды.
Полицейлер айналымға 15 мыңнан астам дозаның жіберілуіне жол бермеді.
Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде таратқаны үшін сот үкімімен екеуіне де 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері заңсыз айналымнан 63 келі түрлі есірткі заттарын тәркілеген.