Елордалық бес мектепте жаңа форматтағы инклюзивті сыныптар пайда болды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Инклюзивті сыныптарды "Самұрық-Қазына" қоры ашты.Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған осындай кабинеттердің бірі № 97 мектеп-гимназияда пайда болды. Ол екі бөліктен тұрады: психологқа, дефектологқа, логопедке арналған OPENSPACE форматындағы кең кабинеттер, сондай-ақ керамика шеберханасы. Екінші бөлімде емдік дене шынықтыру кабинеті орналасқан. Бір сыныптың ауданы кемінде 60 ш.м., бұл балаларға ыңғайлы жағдайда сабақ өткізуге мүмкіндік береді.
"Елорда мектептерінің бірінде "Samruk-Kazyna Trust" қайырымдылық қоры іске асырған инклюзияны қолдау кабинетінің ашылуы өтті. Спорттық марафонды өткізу аясында Қор 100 млн теңгеден астам қаражат жинап, пилоттық режимде инклюзияны қолдаудың 5 кабинетін іске асырды. Менің ойымша, мұндай кабинеттер оқу процесінің маңызды бөлігі болып саналады. Елордалық мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2000-ға жуық бала оқиды. Келесі жылы елорданың барлық мектептері халықаралық стандарттарға сай болуы үшін жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз", - деді елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен.
Мектепте педагогтар мен мамандар арнайы оқытудан өткенін атап өтті. Сондай-ақ оларға жыл бойы әдіснамалық сүйемелдеу көрсетілетін болады.
Жаңа форматтағы осындай инклюзивті сыныптар № 22 мектеп-гимназиясында, № 36 орта мектепте, Қ.Мыңбаев атындағы № 59 мектеп-лицейде және Ә. Бөкейхан атындағы № 76 мектеп-лицейде жұмыс істей бастады. Енді ерекше білім беру қажеттіліктері бар 150-ден астам бала мектептерде құрдастарымен бірге оқи алады.
Айта кетейік, мектептерді Астана қаласы Білім басқармасы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сұраныс пен қажеттілікті ескере отырып белгілеген болатын. Осылайша, жоба 150-ден астам баланы білім беру және дамыту бағдарламаларымен қамтиды.