Димаш Құдайберген, Геннадий Головкин, Елена Рыбакина және Фернандо Алонсо мен Рафаэль Надаль Астанада өткен Қысқы қайырымдылық балын қолдады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Инклюзивті білім беруді және дарынды жастарды қолдау ретінде Димаш Құдайбергеннің концерттік киімі, Геннадий Головкинның қолтаңбасы қойылған қолғап, теннисші Елена Рыбакинаның қолтаңбасы қойылған ракетка, «Реал Мадрид», «Барселона» футбол клубтары ойыншыларының қолтаңбалары қойылған футболкалар, испан шабандозы Фернандо Алонсоның қолтаңбасы қойылған бейсболка, әлемнің экс бірінші ракеткасы Рафаэль Надальдің қолтаңбасы қойылған футболка XIV Қысқы қайырымдылық балының аукционында сатылды.
Елордада өткен XIV Қысқы қайырымдылық балында 90 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Іс-шараны жыл сайын «Болашақ» корпоративтік қоры өткізеді. Түскен қаражат қордың «Әр бала мектепке баруға лайықты» және «Жол жүру гранттары» әлеуметтік жобаларына бағытталады.
11 жыл ішінде қайырымдылық балдары арқасында 800 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Жиналған қаражатқа «Болашақ» қоры 80-нен астам мамандандырылған оңалту мекемесін, оның ішінде Қазақстанның 22 қаласында 56 инклюзияны қолдау кабинетін ашып, жарақтандырды. Инклюзия саласында 500-ден астам жұмыс орны құрылды. 3 500-нан астам маман мен ата-ана инклюзивті білім беру және мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша оқудан өтті. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға және ерекше қажеттілігі бар адамдарға 107 жол жүру және 17 білім беру гранты берілді.
Ерекше балалардың құқықтарын жүзеге асыру үшін «Болашақ» қоры инклюзивті білім беруді дамыту бөлігінде ҚР заңнамалық актілеріне 80-нен астам сапалы ұсынымдар мен түзетулер енгізді.
- Өткен жылы біз 10 балабақша мен мектепте инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық, аутизм, Даун синдромы бар балаларға арналған футболдан инклюзивті секцияны іске қостық, ерекше балалардың ата-аналарына психологиялық қолдау көрсету бойынша «OI SANA» жобасын іске қостық, тағы 500-ге жуық мектеп, колледж, балабақша директорларын, мамандар мен ата-аналарды оқыттық.
2015 жылы біз инклюзияны қолдау кабинеттерінің моделін әзірледік, ал қазір біздің моделіміз 700-ден астам білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру жүйесіне енгізілді. Бір кездері біздің жобаға келген кішкентай балапандар, міне қазір 9-сыныпты бітірейін деп жатыр. Сондықтан да бүгінде біз аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балалардың қарапайым кәсіптерді оқып үйренуі үшін инклюзия саласындағы басқа қорлармен бірге белсенді жұмыс жүргізіп келеміз.
Бүгінгі мейірімділік пен сұлулық мерекесін жасауға көмектескен демеушілеріміз бен серіктестерімізге алғыс айтқым келеді. Балдың аукционына лоттар ұсынғандары үшін Димаш Құдайбергенге және Испания Корольдігінің Елшісі Хорхе Урбиола Лопес де Монтенегроға ерекше алғыс білдіргім келіп тұр, - деді «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан.
Жылдан жылға көптеген компаниялар өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін танытып, балды ұйымдастыруға қолдау көрсетеді. Осы жылдар ішінде балды өткізуге 164-тен астам демеуші мен серіктес қосылды.
XIV Қысқы қайырымдылық балын ұйымдастыру «Нұрбанк» АҚ, «Caspian Integrated Services», «Borkit International Ltd» компанияларының, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ, «Allur auto» компаниялар тобы, сондай-ақ «Hilton Astana», «А-Event KZ» және «MYD Production» компанияларының демеушілік қолдауымен өтті.
Бірегей лоттар: спорттық атрибутика және өнер нысандары қойылған аукцион балдың шарықтау шегіне айналды. Сондай-ақ кеш қонақтарын қор серіктестерінен бағалы сыйлықтар ұтыс ойыны да қуантты.
30 жұп дебютанттың жарқын өнер көрсетуі бал қонақтарының көңілдерін шат етті. Қысқы қайырымдылық балдарын қоюшы-хореограф, Қазақ ұлттық хореография академиясының хореография факультеті деканының орынбасары, «Звездные танцы Казахстан» телевизия жобасының қатысушысы, «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының жеңімпазы Евгений Моисеевпен бірге мамандықтары әр түрлі жастар бірнеше ай бойы бар ықыласын салып жаттықты. Кештің хедлайнерлері – танымал өнерпаздар Қазыбек Құрайыш пен Qanay болды.
Барлық жиналған қаражат «Болашақ» қорының аутизм және басқа менталдық бұзушылықтары бар адамдарды еліміздің колледждерінде кәсіби-техникалық оқыту бойынша сынамалы жобаларын іске қосуға, футболдан және шахматтан инклюзивті секцияларын ашуға, еліміздің балабақшаларында инклюзияны дамытуға, менталдық денсаулық бойынша «Oi SANA» жобасын жүзеге асыруға, сондай-ақ әлемдік біріншіліктерге қатысу үшін дарынды жастарға жол жүру гранттарын беруге бағытталады.
Қайырымдылық қаражатын пайдаланудың ашықтығын сақтау мақсатында қордың bolashakcharity.kz сайтында қаржылық есептер жарияланады.