«Болашақ» қоры Қамқоршылық Кеңесінің құрметті мүшесінің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 160 мыңнан астам ерекше білім алуға қажеттіліктері бар бала бар, оның ішінде 35 мың бала аутизммен ауырады. Сондықтан биыл құрылғанына 10 жыл толып отырған қор жұмысының негізгі бағыттарының бірі «Әр бала мектепке баруға лайықты» инклюзивтік білім беруді дамыту жобасы болып табылады.
«Осы жылдар ішінде болашақтықтардың ықыласпен атқарған ізгі ісінің арқасында өңірлерде 59 мамандандырылған оңалту мекемесі ашылып, жабдықталды. Оның ішінде 22 қалада 43 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Ерекше білім алуға қажеттілігі бар 2 мыңнан астам бала қамтылды, оның ішінде 600 бала үйде білім алудан шығарылды. Инклюзивтік білім беру саласында 420 жаңа біліктілігі жоғары жұмыс орны ашылды. 2 мың маман мен ата-ана арнайы дәріс алды. Мемлекет деңгейінде жүйелі түрде шешу үшін қор заңнама актілеріне 70-тен астам ұсыным мен түзетулер енгізді», – деді Бауыржан Байбек.
Өткен жылы қордың 8 өңірде 16 инклюзияны қолдау кабинетін ашуы, сондай-ақ келесі жылдың соңына дейін аутизммен ауыратын және басқа да ментальды ауытқулары бар балалар үшін соңғы үлгідегі үздік технологияларды ендіре отырып, тағы да 8 заманауи еңселі орталық салуды жоспарлауы маңызды қадам болды.
Бұдан бөлек, партия оңалту орталықтарының санын ұлғайтуға және ерекше қажеттіліктері бар балаларға психологиялық-педагогикалық және коррекциялық қолдау бойынша мемлекеттік тапсырысты ендіруге қол жеткізбек. Асыраушысынан айрылған балалар бір мезгілде мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылуы бойынша 2 жәрдемақы алатын болады. Сонымен бірге ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тұрғын үйге кезегінің үзілмеуі де қамтамасыз етіледі.
Жалпы, сайлауалды міндеттемелер аясында таяудағы 5 жылда ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тағы да 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеу жалғастырылады. Жұмысқа орналастыру бойынша квотаны орындамаған жұмыс берушілер үшін өтемақы төлемдері енгізіліп, ол ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жұмыс орындарын ашуға бағытталады.