ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов «Kazakh Invest» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Отырыста ұлттық компанияның ағымдағы қызметі мен алдағы жұмыс жоспарлары қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қазіргі уақытта Kazakh Invest жалпы құны $27,3 млрд-ты құрайтын 200 жобаға қолдау көрсетуде. Аталған шаралар аясында 68,8 мың жұмыс орнын құру көзделген. Биыл шетелдіктердің қатысумен 40-тан астам жоба іске қосылады деп күтілуде.
Олардың ішінде ең маңыздыларының бірі – Астана қаласында орналасқан америкалық GE Healthcare компаниясының медициналық құрал-жабдықтарын шығаратын кәсіпорны. Жоба шеңберінде УДЗ және КТ аппараттарының өндірісі локализацияланады. Бұл қазақстандық ауруханаларды қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта басқа елдерге экспортты жолға қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар компания республиканың денсаулық сақтау жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру үшін білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ швейцариялық Roche компаниясы алдағы уақытта экспортқа шығу перспективасымен Алматыда ісікке қарсы препараттар өндірісін іске қосады.
Австриялық Lasselsberger компаниясы Астанада керамикалық плиткалар, құрғақ құрылыс қоспалары мен құрылыс желімдері өндірісін локализациялауда. Жаңа зауыттың ашылуы 200-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді және Қазақстан нарығының осы өнімдердегі импортқа тәуелділігін төмендетеді.
Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Kazakh Invest алдағы жұмысында астықты терең өңдеу, пластмассаның сұранысқа ие түрлерін өндіру, мұнай-газ жабдықтарын және импорт көлемі жоғары басқа да тауарларды оқшаулау бойынша перспективалы жобаларға инвесторлар тартуға басымдық беретін болады.
«Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай экономика көлемін $450 млрд-қа дейін ұлғайту міндетін қойды. Сондықтан ірі инвесторларды іздеу және оларды елімізге тарту бойынша жұмысты күшейту керек. Бұл орайда батыл әрі жаңашыл шешімдер қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр.